KZ Блогы Adal Rehab

№2 мақала

«Adal Rehab» орталығындағы авторлық бағдарламаның басты мақсаты - жаңа ойлау
жүйесін қалыптастырып, өмірді жаңаша сүруге үйрету. Бағдарламаның ең маңызды
кезеңдерінің бірі - тәуелділік салдарынан жоғалған жауапкершілікті қайта қалпына
келтіру. Адам тәуелділікке тап болғанда уақыт өте келе ол адамға ешкім сенбейтін
болады: ішкі қорқыныштар күшейіп, өзіне деген сенім жоғалады.
Алғашқыда мен өзімді жауапты, тіпті тапсырмаларды ұқыптылықпен орындайтын
адаммын деп сенімді түрде айта алатынмын. Өзіме сенетінмін, кез келген қиындықты
еңсере аламын деп ойлайтынмын. Ал есірткі қолданып жүргеннен кейін өзіме деген
сенімнен толық айырылдым, жасаған әрекеттеріме есеп бермедім және
жақындарымның көңілін қалдырудан басқа ештеңе істей алмадым.
Орталыққа келген алғашқы күндерден бастап мен әр науқасқа жүктелетін міндеттермен
таныстым. Бұл - адамға өз өмірі үшін жауапкершілікті қайта сезінуге, есірткіні қолдану
кезінде «қатып қалған» сезімдерді (мысалы, өзгеге қамқор болу) қайта жандандыруға
көмектесетін міндеттер жүйесі. Сонымен қатар адам жаңа дағды мен қасиеттерді
меңгереді. Өзім туралы айтсам, 26 жасымда менің қолымнан ештеңе келмейтін
ақсаусақ едім..
Науқастарға жүктелетін міндеттердің толық тізімімен төменде таныса аласыздар.
Әртүрлі міндеттерді орындау менің жаңа өмірімнің көптеген қырларына әсер етіп,
біртіндеп, шағын қадамдармен қарапайымадам сияқты өмір сүруіме негіз болды деп
сеніммен айта аламын. Мысалы,уақытымды жоспарлаудан бастап, өзіме тамақ
дайындау, кір жуу. Ал қазір өзіме ғана емес, жақындарыма да қамқор бола алатын
деңгейге жеттім.
Ал жолдың басында мұның бәрі мен үшін де, отбасым үшін де тым алыс, орындалмас
арман сияқты көрінетін. Қазір кейбір кездері жақындарымның маған деген сенімі мен
үмітіне таңғаламын. Өйткені емделместен бұрын мен өзім ештеңе түсінбей, ештеңе
істей алмайтын күйде едім. Одан кейін осы кезеңдердің бәрінен өтуіме көмектескен
орталық мамандары болды, себебі олар өз тәжірибелерімен бөлісті. Күн сайын мен бұл
жолда жалғыз емес екенімді сезіндім, соның арқасында басқалардың қолынан келсе,
менің қолымнан келеді деген сенім пайда болды. Бұл менің қайта қалпыма келуімге=
үлкен тірек болды. Әрине, бүгінгі күні жаңа мүмкіндік үшін, өмірді қайта бастаймын
деген ниетім үшін өзіме де ризамын
Бұл жолдың бәрі отбасымның маған сеніп, жаңа өмірді бастай алатыныма үміт артқан
бір ғана нақты шешімінен басталды. Кейін олар «Adal Rehab» оңалту орталығындағымамандарға жүгіну туралы шешім қабылдады, өйткені тәуелді адам мұндай шешімді өз
бетімен қабылдай да, орындай да алмайды. Тәуелділіктің басты белгісі - оны
мойындамау.
Ал бүгін, он айдан астам уақыт ремиссияда жүріп, мен сіздерге осы мақаланы жазып
отырмын. Осы сәтте анам маған өзінің форель балығының дайындау рецептісін айтып,
дауыстық хабарлама жіберіп жатыр. Ал он ай бұрын ол менің тағы да 50 миллион
теңгені қайда ұтылып қойғаным жайлы жазатын еді. Бір ғана шешім бәрін өзгертті.
Келесі мақалада алғашқы жүктелген міндеттерді қалай атқарғаным, олардың маған сол
кезде нені үйреткені және қазір оны өмірімде қалай қолданып жүргенім туралы
толығырақ айтып беремін.
2026-03-09 19:00